«Эйр Астана» әуе компаниясының жаңа рейсі: Алматы-Мумбай

2020 жылдың 1 маусымынан бастап Air Astana Алматы мен Мумбай қалалары арасында тұрақты рейсін іске қосады.

Рейстер әр апта дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері Airbus A320 ұшақтарымен орындалады.

Әуекомпанияның жазғы күнтізбесіне сәйкес, дүйсенбі мен сейсенбі күндері Алматыдан ұшақ жергілікті уақыт бойынша 07:05 ұшып, Мумбай қаласына 11:05 жетіп қонады. Қайтар рейс Мумбайдан 12:05 ұшып, Алматыға 16:55 қонады. Бейсенбі мен сенбі күндері Алматыдан 22:10 ұшып, Мумбайдан қайтар рейс ертеңіне жергілікті уақыт бойынша 03:10 орындалады. Екі бағытқа да ұшу уақыты - 4,5 сағат.

Әуебилеттерді airastana.com сайтында брондап, сатып алуға болады. Барып-келуге эконом-класс билеттерін 150 000 теңгеден басталатын арнайы промо-тарифпен алуға болады. Билет бағасы тариф түріне және билетті сатып алу кезіндегі валюта бағамына тәуелді. Науқан 31 наурызға дейін жалғасады.

Мумбай Air Astana тұрақты түрде қатынайтын Үндістанның екінші қаласы болмақ. Әуекомпания Үндістан астанасы Делиге 2004 жылдан бері қатынайды.