Air Astana отыз Boeing 737 MAX ұшағын алуға ниетті екенін хабарлады

Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы мен Boeing компаниясы Дубаидағы авиасалон аясында Air Astana әуе компаниясының FlyArystan лоукостер флотына негіз болатын 30 Boeing 737 MAX 8 ұшақтарын алуға ниетті екенін хабарлады.

Бағасы $3,6 млрд құрайтын ұшақтардың 15-ін сатып алу мен 15-ін лизингке алу туралы ниет-хат келісіміне екі компания қол қойды. Бұл келісімді енді әуе компания акционерлері, Директорлар кеңесі мен Boeing компаниясы егжей-тегжейлі қарастырады.

Air Astana 2002 жылы өз қызметін бастағаннан бері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы тораптық әуежайларын, Қазақстан, ТМД, Оңтүстік Шығыс Азия, Еуропа мен Ресейдің негізгі қалаларына ұшу желісін сенімді түрде дамытып келеді. Әуе компания Boeing 757, 767, Airbus A320/321 және Embraer 190/E2 әуе кемелерін пайдалануда.

Төмен бюджетті тасымалдау сегментінде өзінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында Air Astana осы жылғы мамыр айында FlyArystan әуе компаниясын құрған болатын. Жаңа әуе тасымалдаушы алғашқы айлар ішінде билеттерді сату бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Сонымен қатар, ішкі рейстердің желісін одан ары кеңейтуді және 2019 жылдың желтоқсан айында Мәскеуге халықаралық рейстерді ашуды жоспарлап отыр.

«Биыл мамыр айында өз қызметін бастаған FlyArystan әуе компаниясының нәтижелері ойлағанымыздан асып түсті. Төмен бюджетті әуе тасымалы Қазақстан мен Орталық Азияда үлкен әлеуетке ие», - деді Air Astana президенті Питер Фостер. «Air Astana әуе компаниясы Boeing-пен бірге 2002 жылы Boeing 737NG ұшақтарын пайдалану кезінен табысты қызмет істеп келеді. Бүгінде біз В757 пен В767 ұшақтарын пайдаланудамыз. Пайдалануға қайтарылғаннан кейін MAX ұшағы FlyArystan дамуына жақсы негіз болатынына сенімдіміз».

737 MAX эксплуатациясының қайта жалғастырылуы 2020 жылдың көктемінде болады деп күтілуде. Осылайша 2021 жылдың соңына жоспарланған ұшақтардың жеткізілуіне дейін FlyArystan компаниясында осы ұшақтардың әлемнің басқа компанияларындағы пайдалануын бақылауға шамамен 18 ай уақыты бар. Boeing ұшақтарды пайдалану үшін керекті тренинг пен техникалық қолдау көрсететін болады.

«Air Astana қауіпсіздік, сенімділік, тиімділік пен жоғары сапалы қызмет көрсету арқасында Орталық Азияның жетекші әуе компаниялары қатарына кіреді. Boeing компаниясы да осы құндылықтары ұстанғандықтан, 737 MAX арқылы әуе компаниямен бірге серіктестігімізді нығайта алатынымызды мақтан тұтамыз», - деді Стэнли Диэл, Boeing Commercial Airplanes компаниясының Президенті және Бас атқарушы директоры. «737 MAX негізіндегі тиімділік пен сенімділік FlyArystan әуе компаниясын жақсы толықтыра түсетініне сенімдіміз. Air Astana әуе компаниясының әуе кемелер флотының және операциялық қызметінің талаптарына сәйкес келетін келісім-шарттың әзірлеуі аяқталғаннан кейін Air Astana-мен жұмысты жалғастыруды асыға күтеміз».

B737 MAX 8 қуат өнімділігі мен экологиялық көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Әуе компанияның барлық талаптарына сәйкес болған жағдайда FlyArystan үшін алынатын ұшақтарының сыйымдылығы 189 орын құрайды. CFM International LEAP-1B қозғалтқышы мен Advanced Technology қанаттарының ұштары сияқты жетілдірулер арқасында, кез келген заманауи тар фюзеляжді ұшақтармен салыстырғанда Boeing 737 MAX тиімділігі 14% жоғары, сонымен қатар ұшақ жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік беретін ұлғайтылған ұшу ұзақтығымен ерекшеленеді.