Air Astana өз паркін еуропалық Airbus өндірушілерінің жаңа ұшақтарымен кеңейтуді жалғастыруда. Әуе компаниясы A321LR (Long Range) екінші алыс магистралды ұшақты тікелей Гамбургтегі (Германия) Airbus зауытынан алды.

Оны әуе тасымалдаушы Air Leasing Corporation компаниясынан операциялық лизингке алған. Алғашқы іспеттес әуе кемесін Air Astana өткен жылдың қыркүйегінде ТМД-да бірінші болып пайдалана бастады.

Әуе компанияның барлық A321LR ұшақтары екі класты жинақта ұсынылады: бизнес-класс 16 орынға, эконом-класс – 150 орынға есептелген. Бизнес-кластағы толық жазылатын креслолардың барлығы 16 дюймдік монитормен жабдықталған, ал төртеуінде көбірек бос орын қалдырылған. Эконом-класта 10 дюймдік жеке экраны бар Recaro креслолары орнатылған. Жаңа Airbus A321LR алғашқы рейсі әзірше 2020 жылдың наурызына жоспарланған. Осы үлгідегі ұшақтар Мәскеуге, Парижге, Лондонға және Ыстамбұлға қатынайтын болады.

Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта Air Astana үш жаңа Airbus A320neo алуды жоспарлап отыр. Ұшақтар тікелей Гамбург пен Тулузадағы (Франция) Airbus зауыттарынан келеді. Ұшақтар Pratt & Whitney қозғалтқыштарымен жабдықталған. Бүгінгі таңда Air Astana әуекомпаниясының паркінде 19 Airbus ұшағы бар. Оның ішінде сегіз A320, екі A321, үш A320neo, төрт A321neo және екі A321LR. Әуе компаниясы алдағы жылдары тағы 9 Airbus әуе кемесін алуды жоспарлап отыр.