«Эйр Астана» алғашқы A321LR-ын алды
«Эйр Астана» әуе компаниясы өз ұшақ паркін А321LR (LongRange) қысқа фюзеляжды алыс магистральды ұшақпен толықтырып, ТМД елдерінде осы типтегі лайнерлердің алғашқы пайдаланушысы болды.
Ұшақ Гамбургтегі (Германия) Airbus корпорациясының әуе құрылысы зауытынан тікелей әкелінді. Әуе компания Air LeaseCorporation компаниясынан операциялық лизингке алдағы 12-18 айда А321LR жеті ұшағын өндіруші зауыттың өндірістік қуатына байланысты жеткізу туралы келісім шеңберінде әуе кемесін сатып алды.
А321LR – бұл A321neo-ның ең жоғары ұшу салмағы ұлғайтылған алыс магистарльды нұсқасы, сондай-ақ фюзеляждың оңтайландырылған құрылымы. Әуе кемесінің 16 орынға есептелген бизнес-класс және 150 орынға арналған эконом-класс жиынтығы бар.
Бизнес-класта 16-дюймдік мониторлармен жабдықталған толық жазылатын креслолар орнатылған. Бизнес-кластағы 16 креслоның төртеуінде ұлғайтылған жеке кеңістік бар. Эконом-класта 10-дюймдік жеке экрандармен жабдықталған, ұзақ ұшуға жайлылығы жоғары атақты Recaro өндірушінің креслолары орнатылған. Бизнес және эконом-класс креслоларының салонын, перделерін және қаптамаларын қаптау дизайны «Эйр Астана» үшін арнайы әзірленген және ұлттық нақыш элементтерімен толықтырылған талғампаздық пен әсемдікті біріктіреді.
Бортта «Эйр Астана» жолаушыларының көңілінен шыққан Zodiac (RAVE) өндірушісінің жеке ойын-сауық жүйесі орнатылғанған ол әуе компанияның Boeing 757, 767 ұшақтарында, сондай-ақ жаңа Airbus A320neo/A321neo ұшақтарында қолданылады.
Ұшақ екі Pratt&Whitney қозғалтқышымен жабдықталған, олар отын шығынын 20%-ға, техникалық қызмет көрсету шығындарын 5%-ға, атмосфераға көміртегі шығарындыларының санын 20%-ға, ал дыбыс ізінің деңгейін алдыңғы буын ұшақтарымен салыстырғанда 50%-ға төмендетеді. Жаңа А321LR «Эйр Астана» флотындағы Boeing 757 ұшақтарын кезең-кезеңмен ауыстырады, бұл сондай-ақ әуе компанияның флотымен өндірілетін шығарындылардың жалпы көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.
Алғашқы A321LR-ды жеткізу әуе компания тарихында жаңа белесті білдіреді. Бір жағынан, бұл «Эйр Астанаға» Еуропа және Азия қалаларына қазіргі алыс магистральды бағыттарда тасымалдау сыйымдылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал екінші жағынан жолаушыларға жайлылықтың ерекше деңгейін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта «Эйр Астана» флотында Airbus тобының 19 ұшағы: сегіз А320 және төрт А321, үш А320neо, үш А321neo және бір A321LR бар. 2020 жылдың соңына дейін Airbus паркін тағы 10 ұшаққа көбейту жоспарланып отыр.