«Эйр Астана» ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми әуетасымалдаушысы деген мәртебеге ие болды
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қазақстандағы ең ірі әуетасымалдаушы «Эйр Астана» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Компания «ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми әуетасымалдаушысы» деген эксклюзивті мәртебеге ие көрме серіктесі атанып отыр.
Салтанатты қол қою рәсімі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтың және «ЭйрАстана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостердің қатысуымен 17 тамызда өтті.
«Эйр Астана» Қазақстандағы ең ірі әуетасымалдаушы болып табылады және бүгін қол қойылған меморандум біздің ынтымақтастығымыз аясында жасалған бірінші қадамға айналды. Компанияның әуе жолдары көмегімен осындай ірі ұлттық жобаны бүкіл әлемде ілгерілетуге мүмкіндік пайда болып отыр. Біз «Эйр Астана» ұшақтарының борттарында ЭКСПО-2017 логотипін орналастырып, әуекомпания басшылығымен көрмені ілгерілетуге арналған бірлескен жоспарды әзірлейін деп отырмыз, бұл жалпы ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық алаңдағы имиджіне жемісті ықпал етеді. Сонымен қатар, Қазақстанға келген тұлғаларға және әуекомпанияның транзиттік жолаушыларына 2017 жылғы көрмеге билеттер ұсынылатын болады», - деп атап өтті өз сөзінде Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде «ЭйрАстана» компаниясының президенті Питер Фостер мырза былай деп қосты: «Алда келе жатқан көрменің тақыры «Болашақ энергиясы» болғандықтан, энергетика саласындағы инновациялық, қолданбалы шешімдерге және олардың қоршаған ортаға тигізетін әсеріне басты назар аударылатын болады. Біз компаниямызда қоршаған ортаны барынша жақсы қорғауға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды ендіруге бағытталған шараларды қабылдап отырмыз. Дәл осы себепті Париждегі соңғы әуешоуда біз NEО тобына жататын Airbus A320 ұшағын сатып алуға ниетті екеніміз жөнінде мәлімдедік, бұл ұшақтардың қозғалтқышы ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін 15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. NEО лайнерлері 2016 жылы ендірілетін болады. ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық үлкен қарқынмен жүргізілуде. Біз Астананың қонақтар алдында өз есігін айқара ашатын сәтін асыға күтудеміз».
Қол қойылған меморандум аясында expo2017astana.com веб-сайтына автоматтандырылған брондау жүйесін кіріктіру мәселелерін тыңғылықтау және бірлесе PR-науқанды өткізу жоспарланып отыр.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу және оны өткізу үшін 2013 жылдың 15 қаңтарында құрылды. Көрме Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта өтеді.
Оған 100 ел, 10-нан аз емес халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 2 миллионнан аса қонақ 5 миллионға жуық рет келеді деп күтілуде.