«Эйр Астана» қысқы кестеге көшті
2018 жылғы 28 қазаннан бастап «Эйр Астана» қысқы маусымға көшті. Ол 2019 жылғы 30 наурызда аяқталады.
Бұл кезеңде «Эйр Астана»» Астанадан Лондонға, Омбыға, Алматыдан Бейжіңге, Астана және Алматыдан Киев, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына қатынайтын рейстерді қысқартады.
«Эйр Астана» биылғы қысқы маусымда әлемнің 20 еліне, соның ішінде ТМД-ның бес еліне (Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан), сондай-ақ Грузия мен Украинаға рейстерін ұшыра бермек. Компанияның жеке рейстері 40 қалаға, соның ішінде шетелдің 28 қаласына ұшады.
ТМД елдеріне қатынайтын рейстер: Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Екатеринбург, Новосібір, Түмен, Баку, Бішкек, Ташкент, Душанбе қалаларына, Киев пен Тбилисиге ұшады.
Ішкі рейстер Қазақстанның 12 қаласын қамтиды. Олар: Алматы, Астана, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Павлодар, Қостанай, Қарағанды.
2018 жылғы наурызда «Эйр Астана» Cathay Pacific компаниясымен код-шеринг шартына қол қойған болатын. Соған сәйкес, екі компанияның да жолаушылары серіктесінің бағдарлама желісі арқылы ұшуына болады. Яғни, мәселен, «Эйр Астана» клиенттері Азия және Австралия елдеріне Гонконг арқылы бара алады.
Air France/KLM, Hong Kong Airlines, Air India, Asiana Airlines, Bangkok Airways, Etihad Airways, Turkish Airlines, Lufthansa, LOT-Polish Airlines әуекомпанияларымен жасалған код-шеринг шарттары да, 95 интерлайн-келісім де өз күшінде. Осы келісімдердің барлығы «Эйр Астана» жолаушыларына әлемнің 500-ден астам қаласына саяхаттау мүмкіндігін береді.
Еске сала кетейік, 2018 жылы әуекомпаниясы Атырау-Франкфурт-Атырау, Астана-Түмен-Астана және Астана-Қазан-Астана бағдарларына жаңа рейстер ашқан болатын.