«Эйр Астана» ұшу класын жоғарылатуға арналған MyUpgrade инновациялық сервисін ұсынады

Қазақстан авиациясының көшбасшысы «Эйр Астана» компаниясы эконом-класс жолаушыларына рейске дейін белгілі бір уақыт қалғанда қызмет көрсету класын бизнес-класқа дейін жоғарылату мүмкіндігін беретін инновациялық онлайн құралды ұсынып отыр.

Аталмыш сервис жолаушыларға өз орнын премиум-класс салонына дейін жоғарылатуға қарастырылу үшін белгіленген ең төменгі және ең жоғарғы шек аясында өз бағасын ұсынуға мүмкіндік береді.

Рейске бронь қойған кезде, www.airastana.com сайтындағы бағдарламаға қатысатын «Эйр Астана» клиенттері электрондық хабарлама алады. Онда оларға өз бәстерін тіге алатын қауіпсіз онлайн-порталға кіру ұсынылады. Билетті сату кеңселері немесе туристік агенттер арқылы сатып алатын жолаушылар да белгілі бір рейстің аталмыш бағдарламаға қатысатынын тексеріп, авиакомпания сайтының тиісті бетінде бәс тіге алады. Клиенттердің бәсі ұшуға 72 сағат қалғаннан кешіктірілмей жіберілуі тиіс. Жүйе ұшуға дейін 48 сағат қалғанда барлық бәсті және әр рейстің жүктемесін қарап, жеңімпаздарға электрондық пошта арқылы жаңартылған билеттерін жібереді. Жолаушының бәсі жоғары болған сайын, жеңіп шығу мүмкіндігі арта түседі. Банк картасының деректемелерін клиент баға ұсынған кезде толтырады, бірақ төлем бәсті ұтқан жағдайда ғана жасалады. Осы қызмет туралы қосымша ақпаратты www.airastana.com сайтындағы «жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінен алуға болады.

«Бұл жаңашылдық біздің клиенттеріміздің арасында өте танымал болады деген үміттеміз. Мақсатымыз – авиакомпанияның борттарын аса тиімді пайдалана отырып, өз жолаушыларымыз үшін сервис сапасын және жайлылықты арттыру. Әр тігілген бәс ұтысты болады деп кепілдік берілмесе де, жолаушыларға алыс және жақын рейстерде «Эйр Астананың» халықаралық марапаттарға ие болған бизнес-класс салонында рақаттануға мүмкіндік беріледі. Бұл бағдарлама авиакомпанияның өз жолаушыларын ең жақсы өнімдермен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды пайдаланатын үлгілерінің бірі болып табылады», – деп түсіндірді Қазақстан мен шетелдегі сатылым жөніндегі вице-президент Ричард Леджер. MyUprgade бағдарламасының қатысушылары аса жайлы орындық, жеке көңіл көтеру жүйесі, бизнес-класс жолаушыларына арналған халықаралық күту залына кіру, тегін тасымалданатын жүктің ұлғайтылған нормасы, міну және түсу кезіндегі, сондай-ақ жүк алу кезіндегі басымдық сияқты көптеген артықшылықтарға ие болады.